Технологиялар Қатысушылар Жоба туралы
Пайдаланушының аты    Пароль     
На главную
Қош келдіңіздер! «Жаңалықтар фабрикасы» - бұл Қазақстан БАҚ құралдарының өзара ақпарат алмасу жүйесі. Біз жаңалықтар жасаймыз әрі бір-бірімізден үйренеміз. Көрермен мен оқырманды қызықтырып, қайран қалдырып, көңілін көтереміз.
Бүгін
Ізденіс

Ізденіс (Google)
Салалар
   »  Ақпарат ағыны
   »  Қоғам
   »  Экономика
   »  Саясат
   »  Оқиға
   »  Мәдениет
   »  Спорт
   »  Эксклюзив
   »  Табиғат
Арнайы жобалар
   »  Атаулы күндер
   »  Сұхбат
   »  Подкаст




Rambler's Top100


Қатысушылардың сайттары





Қаралымдар: 1374    Танымдылық: Орташа рейтинг : 5.14 Қайдан 7 Дауыстар   
23 Тамыз, 2006 15:13 [Ақпарат өңдеу орталығы, Алматы]

Баспана мәселесі қолдан қиындатылып отыр


Қазақстанда баспана мәселесі өте қиын жағдайда. Ал оны шешудің екі жолы бар, - дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев, - бірі арзан үйлерді көбірек салу, екіншісі – үй салатын жер телімдерін халыққа тарату. Сондай-ақ, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына бөлініп жатқан миллиардтаған ақша дұрыс жұмсалу керек.

Қазіргі Алматыда баспана мәселесіне байланысты орын алып жатқан жағдайлар миға сыймайтын, ұят нәрсе. Алматыдан Қапшағайға дейін ұлан-ғайыр жер бар. Сол жер телімдерін Алматының халқына бөліп беру керек. Бұл мәселе жөнінде қала басшылығы мен облыс басшылығы кездесіп, Үкімет қол қойса, мәселе толық шешіледі. Ал, өкінішке орай, бұл жерлердің бәрі байларға сатылып кеткен.

Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды...

Оралман тұрмақ, қаншама қазақстандықтар баспанасыз жүр. Қазір қалада көптеп кездесіп жатқан үй дауы, мысалы, Шаңырақтағы жағдай миға сыймайтын ұят нәрсе. Өйткені Қазақстанның жері ұшан-теңіз. Оған 300 миллион халық сыяды. Ал біз 15 миллион халықты орналастыра алмай жатырмыз. Жалпы, баспана мәселесін шешудің екі түрлі жолы бар. Бірі – арзан үйлерді көбірек салу, екіншісі – үй салатын жер телімдерін халыққа көптеп беру. Өкінішке орай, үй салатын жерлердің бәрі жеке меншікке сатылып кеткен. Сондықтан, баспана мәселесі қолдан қиындатылып отыр. Жалпы, тек оралмандар ғана емес, халыққа үй салатын жерлер берілу керек. Алматыдан Қапшағайға дейін қаншама жер бар. Қала мен облыс әкімі келісіп, Үкімет шешімін шығарса, бұл мәселе шешіледі. Бір жылда пәтер құны да түседі, Алматының барлық халқы да баспаналы болады. Ал тағы бір айта кететін мәселе, мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасына миллиардтаған ақша бөлініп жатыр. Сол ақша дұрыс жұмсалу керек.

Жоғары оқу орнынан үміт

Жалпы, шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандардың оқуға түсу мәселесінің екі түрі болады: біріншісі – мемлекеттік грантқа түсу, яғни жоғары оқу орнына қабылдану. Қазақстанның шетелдегі отандастарды қолдау мақсатындағы білім беру бағдарламасына байланысты мемлекеттік гранттың екі пайызы ұлты қазақ, бірақ Қазақстанның азаматы емес азаматтарға арналған. Бұл дегеніміз, шетелде тұратын, болмаса Қазақстанға көшіп келгенмен Қазақстанның азаматтығын алмаған талапкерлерге білім грантының екі пайызы бөлінеді. Мысалы, тіл әдебиеті, биология, дәрігер мамандығына 100 грант берілсе, оның екеуі шетелдегі қазақ диаспорасы немесе оралмандарға бөлінеді. Биыл білім гранты жақында жарияланды. Ол бойынша 600-ден аса орын бөлінді. Ал оның сыртында 200-дей бала жалпы конкурсқа қатысты. Олар Қазақстан азаматы болмағанмен, білімінің жоғарылығына байланысты оқуға түсті. Сонда, жалпы, шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандар барлығы – 800 бала биылғы білім гранты бойынша жоғары оқу орнына түсті.

Дайындық бөлімі

Шетелде жүрген балалардың Қазақстанға келіп, бірден оқуға түсіп кетуі қиын. Мысалы, Қытайдағы ағайындарымыз арабша төте жазумен оқиды, Еуропадағы қазақтар түрікше оқиды, Қырғызстандағы қазақтар тағы басқаша оқиды, сондай айырмашылықтарға байланысты олар 1 жыл 8 айдай дайындық бөліміне түседі. Оларға 14 жоғары оқу орнында шетелдегі қазақ диаспорасы және оралмандарға арналған дайындық бөлімдері бар. Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінен бастап, ең алысы Маңғыстауда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында да ашылған. Бұрын 1400 орын бөлінсе, биыл оған 1500 орын бөлінген. Осы дайындық бөлімін құру, оны дүниеге әкелу, балаларды шақыру жөніндегі мәселелерге Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы тікелей араласып отыр. Осы мәселеге байланысты қауымдастық жанынан үлкен республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Білім және ғылым министрлігінен, Көші-қон агенттігінен, басқа да жерлерден біраз азаматтар қатысты.
Енді бұл дайындық бөлімдеріне оқуға түскен балалар жатақханамен, аздаған шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Бірақ бұл сол 1500 бала түгел оқуға түседі деген сөз емес. Оларды тек оқуға дайындайды. Оны бітірген соң, жұрт қатарлы, тест арқылы емтихан тапсырады. Егер жинаған балы бойынша, білімі деңгейі жоғары болса, жалпы конкурсқа өтеді, ал төмен деңгейде болса, жоғарыда айтылған екі пайызға ілігеді. Сөйтіп 1500 баланың жылына 300-400-і оқуға түседі.

Оқуға құжат қабылдау

Жылда емтихан қыркүйек айында болатын, биыл Білім министрлігімен келісе отырып, тамыз айының соңына жоспарлағанбыз. Бірақ балалардың жиналуына байланысты, биыл қайтадан жылдағы мерзімде өткіземіз. Яғни дайындық бөлімдеріне айтып қоюымыз керек, үлгермеген балалардың әлі бір ай уақыты бар. Емтихан қыркүйек айының 20-сынан кейін болады. Емтихан негізінен математика мен қазақ тілі мамандығы бойынша алынады деп отыр. Біз қазір Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерімен жұмыс істеп жатырмыз, бұл төрт елге балаларды іріктеу үшін арнайы қабылдау комиссия барады. Ал Қытаймен екі арада келісім-шарт болмағандықтан, әзірше комиссия жіберілмейді. Сондықтан бұл елдің балалары Қазақстанға келіп, Алматыдағы Қожа-Ахмет Яссауи қазақ - түрік университетінің филиалында құжат қабылдауда, ол Чайковский мен Мәметова көшелерінің қиылысында орналасқан. Ал енді әке-шешесі оралман мәртебесін алғанмен, әлі Қазақстан азаматтығы жоқ балалар қалалық - облыстық көші-қон басқармаларына барып, құжат өткізуге болады. Мысалы, Алматы облысының балалары облыс орталығы Талдықорғанға барып, аталмыш басқармаға құжат өткізу керек. Олар құжаттарды қабылдап, тиісті жерлерге жібереді. Ал шетелдегі балалар алдын-ала Қазақстанның шетелдегі елшіліктеріне тізімделеді, тізім Астанадағы білім министрлігіне түсіп, сосын бекітіліп, емтиханға жіберіледі.

«Оқуға түсу - ермек емес»

Бұл жерде кездесетін қиыншылықтар да жоқ емес. Ең бірінші қиыншылық – шетелден келген балалардың толық орта білім туралы куәлігі, біздің тілімізбен айтқанда аттестаты болу керек. Екінші – жылда-жылда дайындық бөліміне түсіп алып, жүре беретін жағдайлар да кездеседі. Өйткені олар оқуға түсіп алған соң, тегін жатақхана мен аздаған шәкіртақысын алады да, базарға барып саудасын жалғастырып жасай береді. Сондықтан биылдан бастап құжаттар қатаң қадағаланады, бір оқыған бала қайталап, екінші мәрте дайындық бөліміне оқуға түсе алмайды.
Оқу қазан айының бірінен басталады. Бұл жерде айта кететін тағы бір үлкен мәселе бар. Былтыр Қытайдан келген балалар Алматыдан басқа жерге бармаймыз деп – 240 бала басқа облыстарға бармай қалды. Биыл ондай болмайды. Оқимын деген бала Қазақстанның кез-келген жеріне баруы тиіс.
Білім грантына балалар түсіп бітті, енді дайындық бөліміне қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«Дайындық бөлімі оқуға түсуге кепілдік бермейді»

Дайындық бөлімін оқымай-ақ, бала үйінде жатып оқыса да болады. Басты мақсат – балаға Қазақстанның оқуын, жазуын үйрету, яғни Қазақстанның оқу бағдарламасын оқымаған балаларды оқыту. Ал, дайындық бөліміне бөлінген 1500 орын, әзірше жеткілікті деп ойлаймын. Былтыр Қытайдан келген балалар түгелге жуық түсті. Ал, сауаты өте төмен болып жатса, келесі жылы түседі. Кейбір жағдайларда төлемақы төлеп, ақылы оқитын дайындық бөлімдері болған. Биыл оны университеттердің өздері шешеді. Егер шынында бала көп келіп жатса, түспей қалған балаларға дайындық бөлімдеріне төлемақы төлеп оқуға болады. Оның ақысы, басқа шетел азаматтарына қарағанда жеңілдеу болады. Алайда, қазірдің өзінде оқуға келіп жатырған балалар, өте көп емес.
Болашақта көші-қон басқармаларының жанынан Қытайдан Қазақстанның облыстары мен аудандарына жаңадан көшіп келген балаларды Алматыға сүйремей-ақ, сол жерде оқытатын дайындық бөлімдері ашылады деп ойлаймын. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Таскескен аумақтарына көшіп келген балаларға сол жердегі мектептерде дайындық бөлімін оқуға болады ғой. Дайындық бөлімінің ең үлкен орталығы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ – түрік университеті болады деп отырмыз.

Шетелдік диплом Қазақстанға жарай ма?

Бұл үлкен әңгіме. Мысалы, Қазақстанның дипломы Өзбекстанға, ал Өзбекстанның дипломы Қазақстанға жарамай жатыр. Қазір ең үлкен әңгіме осыған тіреліп тұр. Жоғары оқу орны тұрмақ, орта білім туралы аттестаттың өзін куәландыру деген әңгіме туды. Бұл мәселені алға қойғанбыз. Биыл емтихан тапсырар алдында балалардың бәрі аттестаттарын куәландыру керек болды. Ал, ол тек Астанада ғана жасалады. Сонымен бұл үлкен шу болды, ақыры бір бала барлығының аттестаттарын жинап алып, Астанаға барып, куәландырып келді. Алдағы уақытта бұл мәселені ерте бастан қолға алу керек. Куәландырудың үлгісін жоғары оқу орындарына беріп қойса, онда қиыншылық артта қалар еді.

Шетелде жүрген 5 миллион қазақ

Оларды жинап алу мүмкін емес. Оның екі түрлі себебі бар. Бірінші, ол көшіп келейін деп жатқан жоқ. Мысалы, Ресейдегі 1 миллион қазақ, көшемін десе ешқандай кедергі жоқ, келмей жатыр. Қырғызстанда 50 мың бар, олардың да қозғалатын ойы жоқ. Ең алдымен, халықтың Қазақстанға көшемін деген ынтасы болу керек. Екіншіден, халықты жұмыспен, баспанамен зейнетақымен қамтамасыз ететін жағдай болу керек. Жағдай жасай алмай тұрып, бәрін әкелу – қалай болады?.. Сондықтан жылына қанша адамды шақыруға мүмкіндігіміз болса – сонша адам келе алатындай болу керек. Біз қазір жылғы табиғи өсімнің үштен бірін де әкеле алмай жатырмыз. Ал жылдық өсімін әкелсек те жаман емес, ол 400-500 мың адамды құрайды. Қазір 15 мың отбасыға квота беріледі. Түгел орындасақ, бұл да аз емес.
Квота көбіне Өзбекстанға берілуде. Өйткені ол жақтан түсіп жатқан өтініштер көп. Квота беру мәселесі халықтың санына емес, түскен өтініштерге байланысты.

Квота мәселесіне байланысты ереже?

Шетелдік қандастарымызға квота беруге байланысты бекітілген ереже жоқ. Оны Көші-қон агенттігі жасау керек. Ал бұл ережені Әділет министрлігі бекіту керек. Әзірге бәрі ауызша ғана айтылып келеді, заңдастырылмаған. Заңды құжат жоқ. Бірақ ереже жасалу керек.


Қазақстанда бейімдеу орталығы жоқ

Бейімдеу орталығы деген не? Шетелдің классикалық үлгісі жағынан келетін болсақ, ол - елге көшіп келген адамның, бала-шағасымен жататын баспанасы, тегін үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ететін жер. Онда адам тіл үйреніп, оқып, сол елдің жағдайына бейімделгенше өмір сүреді. Өкінішке орай, бізде ондай бейімдеу орталығы жоқ. Аты бар, заты жоқ, әр облыстық, қалалық басқармалар екі-үш бөлме алып қойған, соны бейімдеу орталығы дейді. Ол ештеңе де шешпейді. Кемінде әр облыста екі мың, үш мың пәтер болу керек. Алты айға дейін сол жерде жатып, өмір сүруге бейімделген соң, ол үйді келесі бір шетелден келген қазақ азаматқа беру керек.

Заң бар, ал оны іске асыратын механизм жоқ

Мүмкін, көші-қон заңына да өзгертулер керек шығар, бірақ мәселе онда емес. Заң деген бұйрық емес, ол - мәселені шешудің іргетасы. Қазақстандағы заңдардың іске асыру үшін Заңның негізінде әрбір баптарға арнап, жеке-жеке жоспар, ереже жасап, тәртіп бойынша жүзеге асыру керек. Мысалы, заңда оралмандарға жеңілдік жасалу керек дейді. Ал ол қалай жасалу керек, осы мәселе айтылмайды. Соның бәрі нақты көрсетілу керек. Яғни заңның өзі жасалғанмен, оны жүзеге асыратын механизмдері жасалмаған. Яғни заңды жүз рет өзгерткенмен, оны іске асыратын механизмі жасалмаса, ол заң ешқашан жүзеге аспайды.


Мақалаға баға берсеңіз :

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10
Жарамайды Өте жақсы

Последние новости рубрики


©2005-2010 Internews  |  info:editors@newsfactory.kz  |  О проекте
Қорытылды (сек): 0.4627 & 14 Сұрау