|
|
Бүгін
30.07 (10:34) Футбол. "Ақтөбе" - "Хапоэль" 1:0
30.07 (10:30) Бала денсаулығын нығайту 30.07 (10:28) Жабайы базар 30.07 (10:26) Орал қалалық жұқпалы аурулар емханасына түсуші қалалықтар қатары көбеюде 30.07 (10:24) Аптап ыстықтың салдары 30.07 (10:23) Отандық авиация білікті мамандарға зәру |
|
"Желтоқсан" - егемендікке бастаған көтеріліс!""Желтоқсанның мұзға жанған алуы" Егер қазақ тарихын сараптасақ, соңғы бес ғасырдың ішінде жерімізде 300-ден астам әртүрлі деңгейде ұлт-азаттық көтерілістер өткен екен. Ал «Желтоқсан» көтерілісі сол көтерілістердің қорытындылаушысы, яғни егемендікке бастаған көтеріліс! Жалпы «Желтоқсан», бұрынғы кеңестер одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы міндетін атқарды. Бүгінгі таңда егемендік туын желбіреткен елдер, яғни бұрын кеңестер одағының құрамында болған елдер, осы «Желтоқсан» көтерілісінің қазылары. Енді осы...күрделі.. қазақ тарихындағы аса күрделі көтерілісті тудырған, яғни, соған теріс шешім жасаған кімдер? Осындай жаппай жазалаушылық шараны қолданған кімдер? Міне, осы мәселеге тоқталар болсақ, біраз жәйттің беті ашылады. 1986 жылғы «Желтоқсан» көтерілісіне бір жыл екі ай қалғанда Мәскеуде «Метель» операциясы даяр болған. «Егер кеңестер одағының бір жерінде, бір республикада халық топтанып, билікке, мемлекетке қарсы бас көтерер болса, соларды қандай жолмен ауыздықтаймыз» деген идеяның төңірегінде КСРО қауіпсіздік комитеті, КСРО ІІМ бірлесіп жұмыстанған. Сөйтіп мына «Метель» операциясын ойлап шығарған. Бұл шынында да өте қуатты қару, идеалогиялық қару! Мысалы алаңға бейбіт түрде шыққан қазақ жастарын қалай арандату керек? Яғни, олардың ішіне өзіміздің қазақ жігіттерін жіберу, сатқындарды араластыру, басқа да жансыздарды іске қосу керек. Міне осының барлығы соның жоспарында болған! Сонымен осы «Метель» операциясы дайын болып тұрды. Бірақ оны іске қосу үшін сынау керек қой! Соны сынайтын жер таба алмай жүрген. Алматыда, 17-ші желтоқсан күні жасөскіндер, қыздар, (көпшілігі ана сүті ернінен кеппеген деп айтуға болады) біздің ұлтымыздың өрімдей жас қанаттары алаңға қарусыз шықты ғой! Сол кезеңде «Метель» операциясының авторлары жүрегі жарыла қуанған! «Қаруымызды сынап алатын болдық» - деп. Сөйтіп, КСРО қауіпсіздік комитетінің төрағасы Щебриков Горбачевпен жолығып, оның осы «Метель» операциясын сынау туралы рұқсатын алады, ауызша рұқсатын алады. Қағаз жүзінде жоқ. Сөйтіп, Бобков деген өзінің бірінші орынбасарымен, КСРО ІІМ-ің Елисов деген орынбасарымен, осында «Метель» операциясымен келді. Сөйтіп іске қосып жіберді. Новосибирскіден, Челябинскіден, Ташкенттен, тағы да басқа жерлерден әскер күштері тартылды. Ал енді алаңдағы бейбіт адамдарға қару қолдануға болмайды ғой! Сондықтан оларды маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар деп жариялады! Тіптен, қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған тағы бір шара – ол, арақ толы машинаны әкеліп қойды! Сөйтіп суықтан жаураған адамдарға арақ үлестіре бастады. Яғни, мұның барлығы, «Метель» операциясының жоспарында бар. Енді Колбиннің арнайы тапсырмасымен қала зауыттары түні бойы темір таяқтар кесті. Сөйтіп, онымен 16 мыңға жуық жасақшыларды қаруландырады. Ал қазақ жігіттерінің қолына берген кезде, олар бас тартты. Көпшілігі үйлеріне қайтып кетті. Ол таяқтармен орыс ұлтының өкілдері қаруланды.Сөйтіп... бірнеше мың адам жараланды. Жасақшылардың кейбіреуі есіріп, көшеде жәй кетіп бара жатқан адамдарды да таяқпен ұрып құлатқан. Ол таяқ жегендердің көпшілігі дәрігерге баруға қорықты. Өздерінше емделді, таныстарына емделді. Сөйтіп үлкен қылмыстық шара өріс алды. Ал әлгі таяқтарды ертесіне алаңға үйіп, «Мұны ереуілге шыққан жастар алып келді» деген қауесет таратты. Кейін арнайы комиссия құрған кезде осы фактілердің барлығы анықталды. Қазір «Жас қазақ» газетіне менің «Желтоқсан эпопеясы» атты шығармам жарияланып жатыр. Сонда осы фактілерді оқуларыңызға болады. Мұрағаттардың көпшілігі әлі жабық күйінде жатыр. Осыдан бір 20 күндей бұрын мен республикамыздың ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына арнайы хат жолдадым. Сонда осы «Желтоқсан» оқиғасына тиісті мәліметтерді беруін сұрадым. Бұрын да берілген. Бірақ олар жеткіліксіз. Қолға түскен басқа да құжаттар бар. Көп құжаттар өртеліп кетті. Ол кезде сондай тапсырма болған. «Мүмкіндігінше құжаттарды құртыңдар» деген. Сондықтан бұл мәселенің әлі де иірімдері көп. "Желтоқсан"- рухани көтеріліс. Бұл шын мәнінде көтеріліс. Бұл рухани көтеріліс! Қаншама жылдардан бері біздің ұлтымыздың мүдделері аяққа тапталып келді. Соның ішінде тек тіл мәселесіне ғана үңілетін болсақ, біз 200 жылдан астам Ресейдің қарамағында болдық. Сол кезде біздің тілімізге жасалған, ұлттық рухымызға жасалған, дінімізге жасалған шабуылдардың өзі бірнеше том! Бірақ, оны жариялауға, оны ашып көрсетуге, біздің мемлекетіміз құлықсыз. «Ресейдің көңіліне тиеміз» деген ойға жүгінеді. Бұл дұрыс емес! Қазіргі Ресей басқа Ресей. Сондықтан бұл мәселе бәрібір айтылуы тиіс. Сол кезде, біздің қазақ жерін отаралған адамдардың тілімізге, дінімізге жасаған шабуылдары, яғни оны тұқыртуға байланысты жасаған шаралары құжаттарда бар! Мына «Желтоқсан эпопеясы» атты романымның «Желтоқсан» көтерілісіндегі тіл мүддесі» деген бөлімінде осы жәйттер айтылады. Ал енді қазіргі таңда, мына Ресейде біздің 900 мыңнан астам қазақтарымыз тұрады. Сол 900 мың қазаққа бір қазақ мектебінің болмауын қалай түсінуге болады? Мен Парламентте осы мәселені екі рет көтердім. Содан кейін осы «Лад» қоғамы: «Ресейде 27 мектеп бар» деп маған қарсы шықты. Кейін мұның өтірік екені белгілі болды. Ресейде 5-10 адам ақша төлеп өзінің ұлттық тілін үйренуге ниет білдіріп кішкене топ құрады. Соны бұлар шатасып «мектеп» деп есептейді екен. Ал кезінде, Ресейде 135-ке жуық қазақ мектебі болған. Тіпті, Мағжан Жұмабаев сол мектептердің біріне басшылық еткен! Керек болатын болса. Одан да басқа фактілер баршылық. Ал қазір онда қаншама халқымыз бар. Соларға бір мектеп қалдырмаған! Ал бізде орыс халқының жағдайы жаман деп кім айта алады? Барлық мүмкіндік жасалған. Орыс тілінде 4000-нан астам мектептер бар. Мен осы мәселені көтердім. Қалай енді, ең болмаса достық қатынасымызды бағаламай ма? Сол үшін көңілімізге қарамай ма? Яғни, бұл салада да мәселе көп. Қазақ ұлтының түбіне жететін топ Егер тіл мәселесіне тоқталатын болсақ, алдымызда мынадай күрделі мәселелер бар. Бүгінгі таңда қазақ халқының 60%, бәлкім одан көп пайызы, ал билік басындағылардың, жоғарғы билік басындағылардың 85-90% пайызы өз жанұясында, көшеде, қызмет орнында, шетелге шыққан ресми сапарларында бір-бірімен орыс тілінде сөйлеседі. Ал бұл үрдіс осылай кете беретін болса, біз аз жылда ұлт ретінде істен шығамыз. Яғни, қазірдің өзінде негізгі құрылымдар істен шыққан. Енді тағы бір 5-6 жыл осылай қамсыз жүре беретін болсақ, біз ұлттың басты рухани діңгектерін қолдан шығарамыз. Жалпы мен «Космополиттерді» екі топқа бөлдім. Бірінші топ өзінің дұрыс бағытта емес екендерін сезінетін топ. Соған өкінетін топ. Егер билік тарапынан оң көзқарас болса, бұрылғалы тұр. Ал екінші топ, бұл ішіне қан қатқан топ!! «Мүмкіндігінше қазақ тілі ертерек жойылып кетсе екен, сол бір-ақ тілде сөйлей берсек екен. Жалпы тіл үйреніп қайтеміз» деген ойды қолдайтын топ. Яғни, олардың түрі ғана қазақ. Егер оларға ұлттық мүдде идеасы түсіндірілмесе, кеңінен ұғындырылмаса, олар бізге басқа ұлттардан әлдеқайда қауіпті топ. Сол топ кейін біздің қазақ ұлтының түбіне жетуі мүмкін. Неге? Мына ғылымда егеуқұйрықтарды егеуқұйрықтардың өздері арқылы жою процесі тіркелген. "Егеуқұйрықтық" тәжірибе Мынандай тәжірибе жасалған. Он егеуқұйрықты темір бөшкеге салады. Тағы сондай тоғыз бөшке қояды, яғни барлығы 10 бөшке. Сөйтіп оларға бірнеше күн тамақ бермейді. Әлгілер ашыққаннан соң бір-бірін жей бастайды. Алдымен күштілері әлсіздерін жейді. Одан кейін біреуінің қалғып кеткен сәтін пайдаланып, тамағынан ұрып жіберіп отырған. Сөйтіп ақыр аяғында бір жеңімпаз қалады. Яғни әр бөшкеден бір-бір жеңімпаздан қалады. Сол он егеуқұйрықты босатып жіберген кезде, олар бұрынғы жейтін тамағының бетіне де қарамаған! Тек қана өздерінің қандастарын жеумен болған. Сөйтіп бір егеуқұйрық жүзден астам егеуқұйрықты жеген. Қазір осы тәсіл бізде қолданылып жатыр. Қалай? Мәселен өз ұлтының тарихына, рухани мәдениетіне, тіліне терең тамыр жіберген адамның үстіне «басың қайсы» - десең тісін көрсететін, екі ауыз сөйлемді өзінің ана тілінде құрай алмайтын адамды бастық етіп қойып жатырмыз. Яғни, жаңағы рухани мәдениет жинақтаған адам анаған тәуелді. Соның айтқанымен жүру керек. Соның тапсырмасын орындауы керек. Сөйтіп ол бірте-бірте әлгінің айтқанына көшеді. Әйтпесе жұмыстан кетеді. Яғни, бұл адам рухани өлімге барады. Яғни осындай адамның үстіне әлгіндей адамдарды бастық етіп қою - бұл алдыңғы адамды рухани өлтіру деген сөз. Міне, осы процес біздің республикамызда кең өріс алған. Егемендіктің екі түрі Сүйінбай Ералиев деген қырғыздың классик ақыны бар. Жақында ғана өзіне «Қырғызстанның халық батыры» деген атақ берілді.Соның 85 жылдық тойында Борантай Бедөлов деген азаматпен жолықтым. Оның да өз ұлтының тіліне, рухына жаны ауырады. Сол қазір ресейдегі алтайлықтардың, қалмақтардың, буряттардың, басқа да ұлт өкілдерінің мүшкіл халін айтты. Онда кейбір ұлттардың 80-85%, басқараларының 90% пайызы бір-бірімен, жанұясында, қызмет орнында, көшеде тек орыс тілінде әңгімелесетінін жеткізді. Яғни, осы процесс бізге де келген. Ал бұған жаны ашып жүрген ешкім жоқ деп айтуымызға болады. Өкінішке қарай. Билік басындағыларға бұл онша керек емес. Оларды ақша ғана толғандырады. Жалпы егемендіктің екі түрі бар. Бұның біріншісі, былайша қазақылыап алсақ, қарын мүддесі. Қарын егемендігі. Яғни, қарын тоймай өзі кез-келген өзі іс алға жылжымайды. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бұл дұрыс. Бірақ осы қарын егемендігі негізгі мақсат болмауы керек. Біздің бабаларымыздың арманы рух егемендігіне жету болатын! Ал қарын егемендігі сол рух егемендігіне баспалдақ болуы керек. Ал бізде керісінше! Қарын егемендігін басты мақсат етіп қойдық. Қайтсек те ақша табу. Қайтсек те өзіміздің шаруамызды жүргізу. Осы салада рухтың қажеті жоқ. Күні бүгінге дейін біздің ұлттық идеалогиямыз жоқ! Кезінде ұсындық. Пікірлер айттық. Бірақ оған ешкім пысқырып қарамады. "Әліпбилік" саясат Тағы да тарихқа үңілелік. Бұрын қазақ халқы араб әліппесін қолданған. Ал Голощекиннің тұсында араб әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстырылды. Мен «Желтоқсан» көтерілісін тудырған түпкі себептер туралы кезінде комиссияның тұжырымдамасын әзірлеткем. Бірақ ол тұста жариялау мүмкін болмады. Тұжырымдамадан алдырылып тасталды. Ал мына баспадағы кітабыма енгіздім. Голощекиннің Сталинге жазған хаты бар. «Мына қазақ халқында зиялы қауым бар. Олардың кейбіреуілері өрелі адамдар. Біз сол топқа сатқын интелигецияны қарсы қоюымыз керек. Сөйтіп алдыңғы топты ұлтшылдықпен айыптап, аттырып тастаймыз! Кейін екінші топтың да көзін жоямыз. Ал содан кейін жазуын мына араб әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстырамыз. Артынша оны кирилицаға ауыстырамыз! Сонда бұл халық өзінің тарихын түпкі көздерден оқу мүмкіндігінен айрылады» - деген. Сталин «Бұл өте дұрыс шешім» деп жауап қайырған. Ал енді, латын әліпбиі керек. Өйткені қазір біздің жастарымыз, халқымыз компьютерді меңгеріп жатыр. Міне осы шара тұрғысынан алып қараған кезде мұның артықтығы жоқ. Әл-Фараби бабамыз 76 тілді білген. Көне жазуларды да меңгеруіміз керек, мүмкіндік болса. Латын әліпбиін, тіптен Қытай әліпбиін меңгерсек те бізге артық емес. Бірақ дәл қазір осы мәселені көтеру орынды ма? Қазір қазақ үшін ең басты мәселе не? Тілді сақтап қалу кере емес пе! Осы латын әліпбиіне көшу мәселесін қосарландыра көтерсек, жұрт алдымен тілді үйрене ме, жоқ мына әліпбиді үйрене ме? Яғни бұны да біреу қулықпен шығарып отыр. Бұл да саясат. «Мыналардың басы қатсын» деп отыр. Өйткені қазақтың зиялы қауымының бірәзі «Ойбай бұл өте қажет» деп отыр. Нақ бір соған барсақ ұлттық мүддеміз сақталатындай талпынып жатыр. Дұрыс, латын әліпбиіне ешкім қарсы емес. Бірақ қазір қазақ халқының тең жарамынан астамы өз тілінде оқи алмайды, жаза алмайды ғой! Сонда олар латын әліпбиін үйрене ме, өз ана тілінде екі ауыз сөзді үйренуге ерініп жүрген кезде. Латын әліпбиін енгіздік дейік. Жас бала бүгін мектепке барды. Екінші, үшінші төртінші, бесінші сыныпқа өтті дейік. Енді кітап оқу керек қой! Өзін-өзі әрі қарай дамытуы керек емес пе. Сонда ол өзіне керекті кітапты қалай табад? Кирилицада менің шамалауымша 700 мыңнан астам тақырыпта кітаптар шыққан. Ал соларды, ең болмаса солардың жартысын, ең болмаса үштен бірін кім аударып бере алады латын әліпбиіне? «Тіл жеке адамның шаруасы емес. Тілдің өлуі - ұлттың өлуі». Тілге қай қалталы адам жәрдем береді? Мәселен осы уақытқа дейін бір қалталы адам жәрдем берген жоқ қой. Сонда тіл бізге ғана қажет сияқты. Кезінде Арал проблемасын Колбин «Это Шахановский вопрос» деп еді. Кейін «Желтоқсанда» солай болды бірәз уақыт. Ал енді сонда тілді қайтеміз? Тіл жеке адамның шаруасы емес қой! Тіл - бұл бүкіл ұлт! Тіл кетсе бітті!! Қалғанының барлығы жәй мәселе! Барлығы тілге байланысты. Тіл қалай өзінің дамуын тоқтатса, өзінің қозғалысын тоқтатса, сол сәтте ұлт жойылады! Кезінде мен Парламентте де айттым. Жарайды. Біз дамыған 50 мемлекеттің қатарына кіреміз деп жатырмыз. Өте дұрыс. Ол үшін қызмет етіп жатқан азаматтарға алғысымыз зор. Ал бірақ тіліміз жойылатын болса, яғни бұл процесті тоқтатпайтын болсақ онда елу емес, он мемлекеттің, он емес бірінші мемлекет болайық. Бізге бір тиын! Ондай егемендіктің құны бір тиын!!! Өйткені себебі, онда бізде тек қарын мүддесі ғана қалады. Ал қарынды тойдырудың мәселесін біз Қытайға ауысып кетіп, немесе Америкаға кетіп, одан қала берді Африкаға қоныс аударып та шеше аламыз. Сондықтан тілдің өлуі ұлттың өлуі деген сөз. Ал ұлтты осындай жағдайға алып барған кімдер? Неге оларды жауапқа тартпаймыз? Міне мәселе қайда! Мемлекеттік мойындау Жалпы «Желтоқсан» көтерілісі, кеңестік тоталитарлық жүйені екіге бөлді. Сол идея жақсы көрініс тапқан. Ал одан алғашқы бір нұсқасын маған әкеліп көрсетіп еді. Онда, алаңда ұран көтеріп тұрған жастар бар еді. Кейін оны алып тастапты. Соның әсерінен ескерткіште елеулі олқылық пайда болған. Бірақ негізінен дұрыс. «Желтоқсан» көтерілесіне ескерткіш қойылды деген сөз - біздің мемлекетіміз бұл шараны мойындады деген сөз. Күні бүгінге дейін ашық мойындаудан жасқанып келген. Мен осы үшін қуандым. Жүректің жайы Ия мен, екі рет «инфаркт» алдым. Онан кейін Түркияға барып емделдім. Жалпы менің Түркияда кітаптарым көп шыққан. Одан кейін түрік халықтары арасындағы ең бірінші әлем ақыны атандым. Ал соны түрік ағайындар ескеріп, мені тегін емдеді. Өздері осында келіп алып кетті. Сол кездегі Сүлеймен Демирелдің дәрігері өзі келіп, азаматтық мінез көрсетті. Кейін соңғы рет барып қаралғанымда тағы бір тамырымның бітуге жақындағаны анықталды. Сондықтан енді оған да сақинға салу керек. Бірақ ол бұрынғы салған сақинаның арғы жағында екен. Осындай қиындық туындап жатыр. Енді мынау «Желтоқсан эпопеясы» деген романымның бірінші кітабын бітірдім. Жарты жылдан астам қозғалған жоқпын. Күндіз-түні осымен отырдым. Кей түндері 3 сағаттан, тіптен 2 сағаттан ұйықтап жүрген кездерім болды. Сонымен енді бір үлкен жұмыс артта қалады. Енді екінші кітапқа біраз отырамын. Бірақ енді өзіме демалыс жариялағым келіп отыр. Сонымен енді Алла тағала өзі біледі, қанша мүмкіндік берерін. Бірақ мен осы күніме ризамын. Қазақтың менмін деген апайтөс, керемет таланттары ерте кетіп қалды. Мысалы Төлеген Айбергенов 30 жасында дүниеден өтті. Ал Саттар Ерубаев 23 жасында кетті. Ал одан да жас кеткен дарындарымыз бар. Ал мен әлі келе жатырмын. Құдайдың мұнысына шүкір. Сондықтан әлі де ұлттық мүдде төңірегініде күресуге денсаулығымыз мүмкіндік берсе, мен ештеңемді аямаймын. Өйткені әрине, өлең жазып жәй, әйтпесе таза шығармашылықпен айналысып жүруді мен де білемін. Онда біздің еліміздің көкейтесті мүдделерін кім айтады?? Последние новости рубрики
21.03 (16:26) «Қара домалақтар тасқыны» немесе демографиялық дүмпу
31.01 (11:57) “Күтпеген жерден қыс түсті» 27.07 (10:58) Ғылым мәртебесі 21.06 (13:10) Тіл жолы 07.05 (08:35) "Біздің басты байлығымыз - ұлтаралық татулық" 06.04 (11:47) "Бағалы қағаздар" жолы 22.02 (17:09) Патриоттық құны |
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||